Вопрос

2022-12-12 21:52:00
Жазыбаев

Жәрдем ақы қалай алуға болады

Ответ

2023-02-13 11:29:34

Сіздің сұрағыңыздан қандай жәрдем ақы туралы айтылғандығы белгісіз. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жәрдемақының бірнеше түрлері бар. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы заңында жәрдемақының келесі түрлері көрсетілген: бала туғанда берілетін жәрдемақы; көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы; бала күтімі жөніндегі жәрдемақы; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған адамдардың көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны алуға құқығы бар. Жәрдемақы тағайындау туралы өтініш пен тиісті құжаттар жәрдемақыға құқығы бар отбасының (адамның) тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға беріледі. Адамдар жәрдемақылар тағайындау үшін "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы өтініш жасауға құқылы.

«Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы заңы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуға құқығы бар.Мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау туралы өтініш пен құжаттар "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорацияға беріледі. Мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде, адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау үшін «Медициналық-әлеуметтік сараптама» (МӘС) бөлімшесіне өтініш жасауға құқылы.

«Халықты жұмыспен қамту туралы»Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі заңының 15 бабы бойынша жұмыссыздар, егер олар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер алуға, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі заңының 2 бабы бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар.

Адам (өтініш беруші) өзінің атынан немесе отбасының атынан атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуі үшін тұрғылықты жері бойынша – халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық жерлерде кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне белгіленген үлгідегі өтінішпен және сәйкестендіру үшін жеке басын куәландыратын құжатпен жүгінеді. Өтініш берушілер атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы үшін "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жүгінуге құқылы.

Жалпы, жәрдемақы алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына», Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аумақтық бөліміне немесе "Электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталына хабарлассаңыз болады.

 

Құрметпен, Нархоз университеті Құқықтану ББ сарапшылары